Ә.Молдағұлова көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жасалатындықтан, алдағы уақытта бұл жолмен жүру мүмкін болмайды, деп хабарлайды AtyrauPress.
Қала әкімінің баспасөз қызметінің хабарламасы бойынша, жалпы ұзындығы 3,14 шақырымды құрайтын аумаққа жол құрылысын “Маңғыстау жол-құрылысы материалдары комбинаты» АҚ мердігер мекемесі жүргізеді.
Ертең, 8 маусым күні сағат 09:00 ден бастап С.Бейбарыс даңғылы мен Х.Нәубетов көшесі аралығында орташа жөндеу жұмыстары басталуына орай 400 метр қашықтықта жол жабылады.
Қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы мамандарының айтуынша, құрылыс жұмыстары кезінде толықтай автокөлік жолының беткі асфальт қабаттары алынып, жаңадан салынады. Сонымен қатар, жоба шеңберінде жаяу жүргінші жолын салу және жол белгілерін жаңғырту жұмыстары көзделген.
Жұмыстар жоспар бойынша кезең кезеңімен жүргізілетін болады.