Атырауда 92 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды

Ауыл шаруашылығы мақсатында берілген 92 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Осылайша, биыл Атырау облысы бойынша игерілмеген жерді мемлекет меншігіне қайтару жоспары толық орындалды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім етті. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Ермекқалидің айтуынша, жоспар мерзімнен бұрын орындалып 92 мың гектарды құрайтын 77 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды.

- Биыл Жер Кодексіне енген өзгертулер бойынша, енді жер телімінің 50 пайызы пайдаланылмаған жағдайда мемлекет меншігіне қайтарылады. Пайдаланылмаған, мерзімі өткен бос жер ғарыштық мониторинг арқылы анықталды. Қазір мониторингтік топ мерзімі өткен бос жерлерді өз еркімен қайтару бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізуде,-деді Ә.Ермекқали

Оның айтуынша, биыл облыста 94 жер учаскесі конкурс арқылы қайтадан жер пайдаланушыларға берілген.

Анықтама үшін: 2022-2023 жылдары 400 мың гектардан аса жер мемлекет меншігіне қайтарылған.

Сәуле МАҒАУ

Фото: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ