Атырауда 9 кәріздік насостық станса қайта жаңғыртылуда
Өңірде жылу беру маусымына дайындық мамырда басталды. Бұл бағытта облыстық ведомоствоаралық комиссия құрылып, іс-шаралар жоспары жасақталды. Оған сәйкес 423 білім беру, 152 денсаулық сақтау, 1794 көп қабатты тұрғын үй дайындалуда. Жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасуда. Сонымен қатар 27,2 шақырым жылу желілерінің 6,3 шақырымы, 6,4 шақырым су және кәріз желілерінің 4,14 шақырымы, 742 шақырым электр желілерінің 230 шақырымына және 90 трансформаторлық стансаларға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Айдулат Кенжебеков мәлім етті,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
А.Кенжебековтің айтуынша, «АтырауЖылуЭлектрОрталығы» стансасының төрт жылу агрегатына (№1, №3, №4, №13) және екі турбоагрегатқа (№10, №12) күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланды. №3, №4 жылу агрегаты мен №10 турбоагрегаттың жұмысы толықтай аяқталып, іске қосылды.
-Жылу беру маусымының тұрақты өтуін қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік сала нысандарына 24 тонна қатты отын, 10 тонна сұйық отын тасымалданады. Бұрынғы жылыту маусымында анықталған ақаулар мен апаттық жағдайларға талдау жүргізіліп, жою бойынша тиісті жоспар бекітілді. Өзекті мәселенің бірі - Атырау қаласындағы кәріздік насостық стансалар (84 КНС). Олар 1945-1990 жылдар аралығында салынғандықтан, апаттық жағдайда, шұғыл жөндеуді талап етеді. Бірінші кезекті жаңғыртуды талап ететін 45 КСС-ның 9-ы басталды, 36-сының ЖСҚ дайындалуда,- деді А.Кенжебеков.
Қазір 9 кәріздік насостық стансаның қайта жаңғырту жұмысы басталды. Олар Балықшы, Лесхоз, Нұрсая, Тұрғындар қалашығы, Вокзал маңы, Авангард ықшам аудандары мен Владимирский, Уәлиханов, Азаттық көшелерінде орналасқан.