Атырауда 9 адам жылдам дайындалатын тағамнан уланды

Атырау қаласындағы «Афиша» деп аталатын жылдам тағам дайындайтын кафеде 9 адам құс еті қосылған донерден уланды. Бұл туралы Атырау өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.

Бұл жағдай 14-15 маусым күндері тіркелді. Қазір уланған адамдар №2 Атырау облыстық инфекциялық ауруханасында ем алып жатыр. Қазіргі таңда бәрінің жағдайы орташа. Дәрігерлердің қарауында. Кішісі - 1 жас 7 ай, үлкені - 30 жаста. Атырау облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әли Бекешеваның айтуынша, әрдайым түсіндіру және алдын алу жұмыстары жүргізіліп тұрады.

-Аталған нысанда санитарлық нормалар сақталмаған. Онда тамақ дайындайтын жұмысшылардың медициналық кітапшалары жоқ. Қазіргі таңда зертханалық тексеру жүргізіліп жатыр. Егер стафилококк анықталса, тұтынушылар сол аурудан уланды деген шешім қабылдаймыз. Көп жағдайда тамақтану орындарында тазалық сақталмайды, су, кәріз жүйелері талапқа сай емес, тоңазытқыштар жеткіліксіз, тамақ дайындаудың технологиясы сақталмайды және гигиеналық сауаттылық жоқ, - деді Ә.Бекешева.

Қазір полиция қызметкерлері аталған жағдай бойынша іс қозғап, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Санитарлық эпидемиологиялық бақылау мамандары былтыр да «Афиша» кафесінде тамақтан улану жағдайлары тіркелгенін мәлімдеді. Егер тамақтану орнынан ауру белгісі анықталса, онда кәсіпкер 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін немесе оған айыппұл салынады.