Атырауда есірткі сақтаған және тығып сатпақ болғандар ұсталды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Облыстық полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері есірткі қылмысының алдын-алу бағытында бірқатар жедел-іздестіру шараларын өткізуде. Мәселен, облыс аумағында есірткі заттарын сақтаған деген күдікпен Батыс Қазақстан облысының тұрғынын анықтап, оның жалдамалы пәтеріне тінту жүргізу кезінде қара сөмке ішінен бір келіге жуық есірткі тәркіледі. Сот сараптамасының қорытындысы бойынша тәркіленген құрғақ өсімдік гашиш есірткісі екені анықталды. Алдын ала ақпарат бойынша күдікті құмар ойындармен әуестеніп, 8 млн теңгеге жуық қаражат қарызданған. Тығырықтан шығу үшін еліміздің оңтүстік өңірінен есірткі тасымалдап сатпақ болған.
Сондай-ақ, екінші күдікті Ақмола облысы тұрғынының мекен-жайын тексеру кезінде жалпы салмағы 175 грамм болатын синтетикалық есірткі тәркіленді. Күдікті Атырау қаласына синтетикалық есірткіні жасырын тығу әдісі арқылы сату үшін интернет-дүкендердің жарнамасына сеніп қаңтар айында келгені анықталды.
Қазір екі күдікті де уақытша ұстау изоляторына қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ