Атырауда 8 жастағы оқушы суға батып бара жатқан 2 жасөспірімді құтқарып қалды (видео)

Бұл туралы облыстық полиция басқармасының баспасөз қызметі хабарлайды.

8 жастағы оқушы Дінмұхаммед Жаңбырбайдың батыл әрекет етіп адам өміріне араша түскенін атыраулық полицейлер нағыз ерлік дейді. Жайық өзенінің айдынында жылымды мұздың қатуы мұз үстіне шығып қауіпсіздік талаптарын сақтамайтын тұрғындар үшін қауіптілік төндіруде.

3 желтоқсан күні Атырау қаласы Жұмыскер көпірі маңындағы жаңалауда 2008 ж.т., және 2013 ж.т., жасөспірімдер мұз үстінде ойнап жүргенде жылымды мұз кенеттен ойылып, екі бала суға түсіп кетеді. Оны байқаған 8 жастағы Дінмұхаммед әрбір секундтың маңызды екенін сезініп еш ойланбастан өз өмірін қатерге тіге отырып, екі жасөспірімді қолынан тартып ағынды судан шығарып алады.

- Суға батып бара жатқан балаларды көргенде бар ойым оларды құтқарып аман алып қалу болды. Себебі судың ағыны терең, қатты және уақытта өте тығыз еді. Ойланбастан мұздың ойығына жүгіріп жетіп, екі баланы қолынан тартып судан шығарып алдым. Оларды құтқару үшін мен қолымнан келгенді жасадым,- дейді 8 жастағы Дінмұхаммед.

Кейін оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері балаларға көмек көрсетіп, ата-аналарына аман есен тапсырған.

- Баламды ажалдан құтқарған Дінмұхаммед ержүрек әрекеті мен жанашырлық сезімі үшін ерекше алғысымды білдіремін. Ол болмағанда бұның соңы қайғылы жағдаймен аяқталушы ме еді кім білсін?! Осындай батылдығы үшін ол зор құрметке лайық. Сондай-ақ, ержүрек қасиетке баулап өсірген ата-анасына да үлкен рақметімді айтамын. Ең бастысы дені сау болып, аман өссін, - дейді 9 жастағы жасөспірім анасы.

Осы ретте, Атырау облысы Полиция департаменті тұрғындар назарына: ауа райының тұрақтылығына байланысты су ағынында мұздың қату қаупіне байланысты жаға бетінде ағаш өскіні мен қауіп төндіретін жылымды аумағынан сақ болып, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажеттігін ескертеді.

Видео осы жерде 

 

 

 

Сурет Ақжайық сайтынан алынды