Атырауда 7700-ден астам оқушыға көмек берілді

Бұл туралы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары А.Дүйсекенова мәлімдеді, деп хабарлайды AtyrauPress.

Атырау облысында көмекке мұқтаж отбасынан шыққан 9773 баланың 7780-не ақшалай және заттай көмек берілді. Осыған дейін аз қамтылған отбасынан шыққан балаларға мектепке дайындық есебінде киім-кешек пен оқу құралдары берілетін.  Биылдан бастап әр балаға 37 мың 326 теңге оқушы ата-анасының есеп-шотына аударылады. 

- Көмекке мұқтаж отбасы балаларының тізімі бар. Соның негізінде 7780 балаға ақшалай да, киім-кешек түрінде де көмек берілді. Өйткені тендер өткізілді,  мектеп формасы алынды. Біз оларға кері қайтарып бере алмаймыз.  Бұл көмек жылына бір рет қана беріледі.  Қазан айында  ақша ата-аналардың есеп-шотына аударылады. Ал олар балаларына форма мен құрал алғанын дәлелдейтін чек тапсырулары тиіс, - деді А.Дүйсекенова.

Айта кетейік, мұндай көмек атаулы әлеуметтік жәрдемақы алатын отбасыларға,  атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, бірақ кіріс деңгейі төмен отбасыларға, ата-ананың қамқорылығынан айырылған балаларға, қиын жағдайға душар болған отбасыларға және өзге де санаттарға, яғни қамқоршылық кеңестің шешімі бойынша көмектесуге тиісті деп танылған отбасы балаларына беріледі.