Атырауда 73 шақырымға жуық құбыр жөнделмек

Атырау қаласында жалпы ұзындығы 72,6 шақырым болатын су және кәріз желілерін жаңарту жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

 Жобаның негізгі мақсаты – тозығы жеткен инженерлік инфрақұрылымды жаңартып, су сапасын жақсарту және апаттық жағдайлардың алдын алу. Былтыр күзде басталған жөндеу жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады. Қазір 39,2 шақырым су құбыры мен 33,4 шақырым кәріз желісі күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Құлманов көшесі, Жұмыскер-1, Аэродромная – Тайманов, СМП-163, Авангард-3, Махамбета, Канцева және Уалиханов көшелерінде су құбыры жаңартылады. Ал Шалқыма, Маслопром, Балықшы, СМП-136, СМП-163 және Авангард-3 шағын аудандарында кәріз желісі жөнделуде.

— Жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Тұрғындар мен қала қонақтарына қолайсыздық туғызбау үшін арнайы уақытша сызбалар енгізілді. Су беру уақытша құбырлар және су тасымалдау көліктері арқылы жүзеге асырылуда. Жоспарлы тоқтатулар жөнінде тұрғындарға алдын ала хабар берілді, – деді Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің баспасөз хатшысы Асия Кушкинбаева.

Су желілерін жаңарту жұмыстарын “Бекболатовтар” ЖШС, ал кәріз желілерін “Сапа Құрылыс” ЖШС мердігер мекемелері атқаруда.

Жоба жетекшісі Асылбек Қанатовтың айтуынша, жұмыс алдымен тұрғындардан түскен өтініштер негізінде басталған. Су жиналып қалатын жерлер, әсіресе, жертөлелері суға толған үйлердің маңындағы тозығы жеткен құбырлар бірінші кезекте ауыстырылуда.

— Қазір Махамбет көшесіндегі 118-ші үйдің маңында жаңарту жұмыстары жүріп жатыр. Бұған дейін Абай, Шоқан Уалиханов, Байжігітов, Қаженбаева көшелері мен Авангард, Лесхоз, СМП шағын аудандарындағы желілер жөнделді, – деді ол.

Мамандардың айтуынша, жоба аяқталғаннан кейін судың сапасы жақсарып, көпқабатты үйлерде қысым тұрақталады. Сондай-ақ жүйедегі апатты жағдайлар азайып, техникалық шығындар төмендейді. Мұндай ауқымды жаңғырту жобалары қаланың инженерлік инфрақұрылымын ұзақ мерзімді әрі сенімді пайдалануға мүмкіндік бермек.

Фото: ru.freepik.com