Бұл туралы облыстық санитариялық-эпидемиялогиялық бақылау департаментінің инфекциялық және паразитарлық ауруларды эпидемиологиялық қадағалау бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гүлдана Бисенбай мәлім етті, деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникация
Биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша облыста тұмау аурушаңдығы тіркелмеген. Өткен жылы осы уақытта аталған аурудың 7 жағдайы анықталыпты. 14 жасқа дейінгі балалар арасында 2, ересектер арасында 5 жағдай орын алған.
-2022-2023 жылдардағы эпидемиялық маусымда тұмау және жіті респираторлық вирустық инфекциялар бойынша санитариялық-профилактикалық, санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізу жұмысы басталды. Халықтың 10 пайызын тұмауға қарсы екпемен қамтамасыз ету жөнінде дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан хат келген. Осы хатқа сәйкес жергілікті бюджет есебінен тұмаудың жаңа эпидемиялық маусымына ресейлік «ГРИППОЛ+» вакцинасының 65 000 дозасы сатып алынды, деді Г.Бисенбай.
Бұл екпе халықтың осал тобы, медицина қызметкерлері, жүкті әйелдер, балалар үйінің тәрбиеленушілері, медициналық әлеуметтік ұйымдардағы қызмет алушылар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, тыныс алу органдары мен жүрек-қан тамырларының созылмалы түрімен ауыратын адамдар арасында тегін жүргізілді. Ал мекемелер мен компаниялардың қызметкерлері өз қаражаты мен жұмыс беруші тарапынан екпе алды. Айта кетейік, өткен жылы өңірдің 67671 тұрғыны тұмауға қарсы егілген.