Атырау қаласында отбасында зорлық-зомбылық көрсеткен 600 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды
Бұл туралы Атырау қалалық ПБ №1 қалалық полиция бөлімінің ЖПҚ бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы Жанаргүл Сұлтанғалиева брифинг барысында мәлімдеді. Оның айтуынша, биыл жыл басынан бері отбасында құқық бұзушылық жасаған 600 адам ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 73 бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, 800-ден аса қорғау нұсқамалары шығарылып, оны бұзған 52 адам жауапкершілікке тартылды. Ал 189 адамға сот арқылы мінез-құлқына ерекше талаптар белгіленіпті.
-Қазір отбасындағы зорлық-зомбылықты алдын алу бойынша көптеген жұмыстар істелініп жатыр: жастар арасында, қоғамдық орындарда түсіндіру жұмыстарын жүргізу және осы тақырыптарда «дөңгелек үстел» форматында кездесу және ашық есік күндері өткізілді. Соның нәтижесінде отбасындағы кикілжің, әйелдерге әлімжеттілік жасау бойынша фактілер азайып отыр. Мәселен, жыл басынан бері 102 операторына отбасылық жанжал бойынша 2345 хабарлама келіп түскен. Салыстыру үшін айта кетейін, өткен жылдың сәйкес мерзімінде 2524, ал 2020 жылы 2997 хабарлама түсіп, тәртіп сақшыларынан көмек сұралған. Тек қана әйелдер емес, ер азаматтар да қоңырау шалып, «бұрынғы жолдасым баламды көрсетпейді, үйіме кіргізбейді» деген сыңайдағы шағымдарын айтады, - дейді Ж.Сұлтанғалиева.
Маусым айында тәртіп сақшылары «Зорлық-зомбылыққа жол жоқ» деген атаумен арнайы акция ұйымдастырды. Осы уақытта қаладағы дағдарыс орталығына 10 әйел мен 23 бала орналастырылды.
Айта кетейік, зәбір көрген әйелдер 102 немесе 98-35-32 нөмірлеріне хабарласа алады.