Атырауда 6 млрд теңгенің саябағы ашылмақ

Атырау облысының әкімдігі осыған дейін құны 6 млрд теңге болатын саябақтың құрылысы 2025 жылдың соңына дейін аяқталатынын мәлімдеген. Алғашында құрылыс жұмысы қарашада қорытындыланып, пайдалануға беріулі тиіс еді. Алайда нысан өткен жылы  ашылмады, деп хабарлайды kaz.inform.kz

«Орталық саябаққа отырғызылатын көшеттердің көлемі шағын болғандықтан, қала әкімінің ұсынысына сәйкес олар шырша және туя ағаштарына ауыстырылды. Қазір ағаш егу жұмысы толық аяқталды. Нысан бойынша жалпы құрылыс жұмыстарының 99 пайызы орындалды», - деп мәлімдеді Атырау облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы.

Қазіргі уақытта теңгерімге беру жұмысы жүруде. Содан кейін ғана ел игілігіне тапсырылмақ. Қалалық парк құрылысына таңдалған жер телімі 4,04 гектар аумақты қамтиды. Жоба аясында саябақ аумағында қолайлы микроклимат қалыптастыру мақсатында су-жасыл инфрақұрылымның негізгі сәулеттік және конструктивтік шешімдер әзірленген. Аумақта сәндік, қылқанжапырақты және жапырақты ағаштар, гүлдейтін бұталар егіліп, гүлзарларға арналған алаңдар жасалады.

Сондай-ақ жобада шағын сәулеттік формалар қарастырылған. Олар: мәрмәр тастан жасалған орындықтар, 4 орындықты үстел кешені, спорттық тренажерлер, велосипед тұрақтары, балалар ойын алаңдары. Жоба бойынша 5 фонтан салу көзделген: «Сарқырама», «Жағалау», «Кеме», «Бұлақтар», «Шатыры бар құрғақ фонтан».

Фото: AtyrauPress