Атырауда 55 аялдама орнатылады - қала әкімі

Атырау қаласы мен қала аумағындағы округтерге жаңа маршруттардың шығуына байланысты және осы кезге дейін аялдамасыз тұрған жерлерге биыл жаңадан 55 аялдама орнатылады. Бұл туралы қала әкімі Мейірім ҚАЛАУИ мәлімдеді.

- Көптеген округтерде аялдама жоқ, тұрғындар қоғамдық көліктерді өздеріне қолайлы жерден тоқтатып алады. Аталған мәселелерді ескере отырып, қазіргі кезде әрқайсының құны 1 млн теңге болатын 55 аялдама сатып алуға конкурс жарияладық. Тұрғындарға қолайлы болу үшін әр аялдаманың ара қашықтығы 800 метрден аспауы керек, - деді қала әкімі.

Қала әкімінің айтуынша, кейбір жерлерде аялдамалардың орындары өзгереді. Өйткені бұрын тар көшелерде қалып қойған аялдамалар автобустардың бұрылуына кедергі келтіреді және жаңа аялдамаларды қою үшін орын таршылық етеді.

Әкімдіктегілер аялдамалардың ашық және бұзуға төзімді темірден жасалатынын жеткізді. Бұл нұсқа бұған дейін тұрғындармен кездесу кезінде талқыланып, таңдалған.

Еске салсақ, бұған дейін қала орталықтарына қойылған әрқайсысы 12 млн теңге тұратын жабық павильондардың жаз келгенде салқындатқыштары жұмыс істемей, жолаушылар қызығын көре алмай жүргенін жазған едік. Кейбір аялдамалардың салқындатқыштары әлі жөнделген жоқ.

Дереккөз https://azh.kz/kz/news/view/58372