Атырауда 5 қабатты үйден өрт шықты

Бұл туралы AtyrauPress Атырау облысы ТЖ департаментінің қоғаммен байланыс тобына сілтеме жасап хабарлайды.

29 қаңтарда 14 сағат 02 минутта  «Авангард-3» шағынауданындағы 5 қабатты тұрғын үйдің екінші қабатында орналасқан пәтерлердің бірінен өрт шықты. Шақырту бойынша оқиға орнына жеткен  өрт сөндіру бөлімшесі пәтер есігінің ішінен құлыпталып қалғанын анықтайды. Осы ретте өрт сөндірушілер екінші қабаттағы пәтерге саты арқылы кіріп, ұйқыда жатқан 44 жастағы азаматты далаға  шығарды.

Сонымен қатар өрт кезінде көршілес орналасқан пәтерлерден де 8 адам (5 ересек, 3 бала) өз бетімен сыртқа шықты.

Өрт сөндірушілер 6 минуттың ішінде тілсіз жауды ауыздықтады. Өрт әжетхана ішінде тұрмыстық заттың жануы салдарынан шыққан.

Зардап шеккендер жоқ және өрттің шығу себептері анықталып жатыр.

Тілсіз жауды сөндіруге Атырау облысы ТЖД 6 қызметкері мен 2 бірлік техника жұмылдырылды.

Осыған байланысты Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті облыс тұрғындары мен қонақтарынан пәтердегі, тұрғын үйдегі өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауды сұрайды.