Атырауда 5 мың шаршы метрден астам асфальтобетон жабындысы сапасыз болып шыққан

Өткен жылы Атырау облысы аумағындағы республикалық жолдардан 285, жергілікті жолдардан 105 ақау анықталған, деп хабарлайды AtyrauPress.

«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Атырау облыстық филиалының инженері Жантас Шариповтың айтуынша, орталық инженерлері жыл бойы республикалық және жергілікті маңыздағы 74 нысанға 932 рет тексеріске шыққан. Ал, республикалық жолдарға пайдаланылып жатқан құрылыс материалдарынан 939 сынама алынып, зертханада тексеріліпті.

 - Тексеру нәтижесінде 95 сынаманың стандартқа сай еместігі анықталды. Сапасы сын көтермейтін 405 шаршы метр жол негізі, 25 236 шаршы метр кедір-бұдырлы беттік өңдеу, 554 шаршы метр асфальтобетон жабындылары алынып, орнына сапалы асфальтобетон салынды, - деді Ж.Шарипов.

 Жергілікті жолдардан алынған 708 сынаманың 181-і талапқа сай болмай шыққан.

  "Сапасыз деп танылған 5491 шаршы метр жол негізі, 4937 шаршы метр асфальтобетон жабындысы, 626 текше метр темір бетон конструкция қайта қалпына келтірілді" дейді маман.