Атырауда 435 меморандумға қол қойылды

Биыл Атырауда тұтынушыларды қолжетімді бағадағы азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында 435 меморандумға қол қойылды. Бұл туралы Кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Нұрбол Жаңабеков мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Қазіргі таңда «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы АҚ есеп шотындағы қаражат қалдығы 332 млн 900 мың теңгені құрайды. «Айналым схемасы» шеңберінде жергілікті бюджеттен 1,2 млрд теңге бөліп, жалпы қаражат сомасын 3,5 млрд теңгеге толықтыру жоспарлануда. Осы қаражат есебінен өңірге қажетті өнімдерді тасымалдауға кәсіпкерлік субъектілермен қажетіне қарай келісім шарт жасақтау жоспарлануда.

- Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын тұрақтандыру мақсатында «Айналым схемасы» арқылы жергілікті бюджеттен кәсіпкерлік субьектілеріне 2 млрд теңге беріліп, нәтижесінде 12 114 тоннаға жуық 18 түрлі әлеуметтік азық-түлік өнімдері сатып алынып, 58 сауда-саттық нүктелерінде қолжетімді бағада сатылуда. Жергілікті тауар өндірушілер және шаруа қожалық иелерімен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін тұтынушыларға қолжетімді бағамен және жеткілікті мөлшерде қамтамасыз ету мақсатында жыл басынан бері жалпы 435 меморандумға қол қойылды, - деді Н.Жаңабеков.


Сонымен қатар оның айтуынша, Жетісу облысында орналасқан Көксу қант зауытымен алдағы жылы қантты қолжетімді бағамен облысқа тасымалдауға келісім шарт жасалды.