Атырауда 4000-нан астам балықшыны біріктіретін 800-ге жуық балық аулау бригадалары жалғыз табыс көзінен айырылғалы отыр, деп хабарлайды ATPress.
Бұл апатты жағдай аймақтағы әлеуметтік-экономикалық жағдайға теріс әсер етіп отыр. Өйткені облыстағы балық шаруашылығы субъектілерінің қаржы институттары алдындағы 1,7 млрд. теңгеге жуық берешектерін өтеу көп қиындық келтіруде. Сонымен қатар, балық аулау лимитінің орындалмау және жергілікті қазынаға миллиондаған теңге салық түспей қалу қаупі бар. Балықтардың негізгі бөлігінің уылдырық шашатын табиғи орны болып саналатын Жайық және Қиғаш өзендеріне балықтар кіре алмай, мекендейтін орындарын ауыстырып, Каспий теңізінің жағалауындағы басқа елдерге қарай миграциялау жолдарын өзгертуі әбден мүмкін. Осы ретте облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлының айтуынша, аталған жерлерге жедел түрде түп тереңдету жұмыстарын жүргізу қажет.
-Өздеріңізге белгілі, балық шаруашылығы мен өндірісі қатар дамыған Атырау облысы үшін Жайық және Қиғаш өзендерінің маңызы өте зор. Бұл өзендердің бойында 19 балық шаруашылығы кәсіпорны кәсіби түрде балық аулаумен айналысып, нәпақасын тауып отыр. Олар жылына лимитке сәйкес 16 мың тоннадай балық аулайды. Алайда, осы жылдың көктемгі маусымдағы ауланған балық көлемі төмен. Қазіргі таңда Жайық және Қиғаш өзендерінің Каспий теңізіне құяр сағасының таяздануы мәселенің басты себебіне айналды. Жайық өзенінің теңізге құяр тұсының тереңдігі қазіргі уақытта 30-40 см құраса, Қиғаш өзенінің құяр сағасы бітеліп қалған. Бұл өз кезегінде ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жағалау күзеті кемелерінің, Солтүстік Қашаған жедел құтқару экипажының (СКЭБР) құтқару кемелері, облыстағы 19 балық шаруашылығы кәсіпорындары кемелерінің теңізге кіріп-шығуына үлкен қиындық келтіріп отыр, - дейді Артур Сәдібекұлы.
Бұл күрделі мәселе оң шешілмеген жағдайда, осы өзендер мен Каспий теңізінің арасы үзіліп, экологиялық апат орын алары сөзсіз. Себебі, өзен мен теңіз арасының үзілуі, су құрамындағы оттегінің азаюының әсерінен, балықтардың жаппай қырылуына әкеліп соғады.
Жайық өзенінің сағалық кеңесінің ұзындығы - 6 шақырым, ені - 40 м, тереңдігі – 3,60 м көлемінде, ал Қиғаш өзенінің сағалық кеңесінің ұзындығы - 20 шақырым, ені - 30 м, тереңдігі - 2,5 м-ге дейін су түбін түп тереңдету жұмыстарын жүргізу мәселесін шұғыл шешу қажет.