Атырауда 400-ден астам ресейлік азамат өз бизнесін тіркеген

Бұл туралы Атырау облысы Кәсіпкерлік және туризм басқармасының сыртқы экономикалық қатынастар бөлімінің басшысы Ерлан Қазбеков мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Атырау мен Ресей Федерациясы арасындағы тауар айналымы тағы 5 пайызға артты. Соңғы жарты жылдағы импорт пен экспорт көлемі 183 млн АҚШ долларына жеткен.

Атырау облысының әлемдегі 50-ден астам мемлекетпен алыс-берісі бірыңғайланған. Соның ішінде тауардың басым бөлігі мұнайлы өңірге Ресейдің Астрахань қаласынан әкелінеді.

-Атырау облысынынан көрші мемлекетке мұнай өнімдері, лом мен металл экспортталса, импортпен азық-түлік, оның ішінде консерванттар, май, ұн өнімдері тасымалданады. Құрылыс материалдары да жыл сайын тұрақты түрде Ресей Федерациясынан келеді, деді Е.Қазбеков.

Соңғы уақытта облыста Ресейлік компаниялардың саны артқан. Мәселен жыл басынан бері аймаққа 127 бизнес иесі келген. Ол тізімде кәсібінің жергілікті жердегі филиалын ашқандар мен түбегейлі қоныс аударғандар да бар. Кәсіпкерлер көбіне көлік саласы, IT-технологиялары, көтерме сауда және мұнай саласын дамытуға үлес қосып жатыр.

Жауаптылар бұл көрсеткіш жыл соңына дейін әлдеқайда артады деп отыр. Ал жалпы бүгінге дейін өңірде ресейлік 400-ден астам азамат өз бизнесін тіркеген.

Көршілес елмен экономикалық қатынасты нығайту мақсатында Атырау мен Астрахань облысы арасындағы денсаулық сақтау, білім және ғылым, өндіріс және кәсіпкерлік, туризм және мәдениет салаларындағы ынтымақтастық жөніндегі 2022-2026 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына қол қою жоспарлануда.

Сонымен қатар, өндіріс объектілері мен тұрғын үйлер үшін су тазарту жұмыстары аясында, жақында екі облыс бірлескен кәсіпкерлікке келісім-шарт жасады.