Атырауда «Отбасы – өмір аясы» атты облыстық отбасылық ансамбльдер байқауы өтті, деп хабарлайды ATPress.kz.
Отбасы күні қарсаңында облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен өткен шарада 10 отбасылық ансамбль бақ сынады.
Дидар Алтыбайқызы, облыстық халық шығармашылығы орталығының шығармашылық бөлім меңгерушісі:
Үш жыл сайын өтетін бұл сайыстың ерекшелігі халықтық отбасылық ансамбльдер атақтарын қорғауға мүмкіндік алады. Жалпы облысымызда халықтық атағы бар отбасылық өнер ұжымдары - төртеу. Олардың үшеуі осы байқауда бақ сынады. Сайыс талабына сай отбасылар дәстүрлі, эстрадалық бағытта өнер көрсетуіне рұқсат. Алайда, фольклорлық жанр жоғары бағаланады. Өйткені, байқаудың бір мақсаты – дәстүрлі өнерді дәріптеу".
Өнер додасында Махамбет ауданынан келген Ұзақбаевтар жанұялық ансамблі топ жарып, жарыс жеңімпазы атанды. II орынды мақаттық Ғинятовтар мен жылыойлық Жұмағалиевтер отбасылық ансамблі еншілесе, III орындарды Қызылқоға ауданынан келген Есенғалиевтер, Атырау қаласынан қатысқан Қабдоловтар отбасылық ансамблі иеленді. Басқа да өнерлі отбасылар ынталандыру сыйлығымен марапатталды.
Байқау жеңімпазы Ұзақбаевтар отбасылық ансамблінің өнері көпті тәнті етті. Тілеген ата мен Мүгілсін әже бастаған отбасылық өнер ұжымының құрамында бір үйдің төрт ұлы мен үш қызы және жиен-немерелері өнер көрсетті. Бұл жанұялық ансамбльге биыл 40 жыл толып отыр. Оны құрып, кезінде жетекшілік еткен Тілеген ақсақал термеші, әрі күйші, ақындығы да бар, театрдың да қыр-сырын білетін сегіз қырлы, бір сырлы өнердің өз адамы екен.
Тілеген ата, Ұзақбаевтар отбасылық ансамблін құрушы:
"1982 жылдан отбасылық ансамбльміз. Сол кезден жанашыр азаматтар қолдау білдіріп, балаларымның өнерін дамытсақ деген оймен топтасып, әртүрлі деңгейдегі мәдени шараларда өнер көрсете бастадық. Балаларымның барлығы да музыкалық аспаптарды еркін меңгерді, вокал, дәстүрлі ән, күй өнеріне де жетік. Жолдасымның да ән салатыны бар".
Мүгілсін ана, ансамбльдің мүшесі:
"Осы сайысқа өнер көрсетуге ансамбльдің қазіргі жетекшісі, баламыз – Нұрлан Ұзақбаев біздің де сахнаға шыққанымызды қалап қолқа салды. Жасымызға, ауылдың шалғайлығына қарамастан, отбасымыздың мерейі үшін келіп отырмыз. Ұл-қыздарымыздың бірі - мұнайшы, бірі - кәсіпкер, бірі - теміржолшы, енді бірі - дәрігер. Бірақ, әлі күнге өнерден алыстаған емес".