Атырау облыстық полиция басқармасының 102 арнасына қаладағы қонақ үйлердің бірінің маңында белгісіз ер адамның 4 жастағы қыз баланы бірге алып бара жатқандығы жөнінде хабарлама келіп түскен.
Аталған хабарламаға дереу жеткен полицейлер бүлдіршінді белгісіз бағытқа алып бара жатқан 34 жастағы Өзбекстан Республикасының азаматын ұстады. Ол баланың өзімен бірге уақытша тұрып жатқан 37 жастағы азаматшаның қызы екендігін айтқан.
Аталған азаматты медициналық сараптамадан өткізу барысында оның жеңіл дәрежелі мас күйде екендігі анықталып, жасөспірім Атырау қалалық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына уақытша орналастырылды.
Ал жасөспірім қызын уақытша бірге тұратын азаматқа беріп жіберген 37 жастағы анаға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 127 бабымен (Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау) әкімшілік хаттама жасақталып, жинақталған іс-құжаттар шешім қабылдау үшін сотқа жолданды. Сонымен қатар, аталған жағдай бойынша жасөспірімнің анасына қатысты іс-құжаттар Атырау қаласы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссиясына жолдау үшін жинақталуда.
Одан басқа, кәмелетке толмаған балаларын тәрбиелеу және оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерін орындамаған 6 ата-ана анықталып, оларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабымен әкімшілік хаттамалар жасақталып, жинақталған іс-құжаттар заңды шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.
Айта кетейік, 2022 жылдың қаңтар айының 20-29 күндері аралығында "Жасөспірім" жедел-профилактикалық алдын алу іс-шарасы өткізілуде.