Атырауда 34 жастағы жігіт неге қоқыс жәшігіне жасырынды? (Видео)

Атырау қаласында автокөлік ұрлаған жігіт полицейлерден қашып, қоқыс жәшігіне тығылды. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.

5 желтоқсан күні уақыт 20:00 шамасында 1973 ж.т. азаматша "102" арнасына хабарласып, бес минут бұрын өзінің үйінің алдында оталып тұрған өзіне тиесілі маркасы Nissan Almera автокөлігін  белгісіз біреудің айдап кеткені туралы хабарлайды.  


Осы хабарламадан соң тәртіп сақшылары сергек бейнебақылау жүйесі арқылы автокөліктің Алиев көпіріне бағыт алып бара жатқанын анықтап, патрульдік полиция қызметкерлеріне бағыттама береді.


Оқиға орнына жедел жеткен Батыс-15 қызметкерлері автокөлікті Махамбет-Сатыбалдиев көше қиылысында тоқтатқан кезде, күдікті полиция қызметкерлеріне бағынбастан қашып кетеді. Мұнымен қоймай күдікті қарсы бағытқа шығып, жол ережесін бұзады. Кейін полиция қызметкерлерінен бой тасалап қашып кету мақсатында жақын маңдағы қоқыс жәшігіне тығылады. Алайда ол бұл әрекетінің видеоға жазылғанынан бейхабар еді.

Оқиға орнына дереу жеткен Батыс-15 қызметкерлері күдіктіні ұстап, оны тексеру барысында 1988 ж.т. азаматтың "Автокөлікті айдап әкетуші" және "Қалта ұрысы" тізімдік санатында есепте тұрғанын анықтады.


Нәтижесінде автокөлік арнайы тұраққа қойылып, 34 жастағы азамат жедел тергеу тобына тапсырылды.  

Осы ретте, Атырауда жол қозғалысы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде патрульдік полиция қызметкерлері қарқынды жұмыс атқарып жатыр.

 

 

Сурет liter.kz