Атырауда 333 түлек «Үздік аттестат» иеленді

2023-2024 оқу жылы қоғамдық кеңесте қорытындыланды. Мақсым Ізбасовтың төрағалымен өткен жиынға облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев пен қоғам белсенділері қатысты,  деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Өткен оқу жылында оқушылардың сапалы білімге қол жеткізуінен бөлек, ауыл және қала мектептері арасындағы теңсіздікті жою үшін біраз жобалар жүргізілген. Мәселен, оқушыларды кітап оқуға баулу, инженерлік білімді дамыту, функционалдық сауаттылық, шалғайдағы ауыл мектептерінде зертханалық жұмыстарды тиімді жүргізу, математикалық сауаттылықты арттыру тәрізді цифрлық  жобалар іске асырылған.

"Былтыр  экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен  «PISA-based Test for Schools» халықаралық зерттеуі өтті.  Зерттеуге  32 білім беру ұйымы қатысты. Нәтижесінде, математикалық сауаттылықтан 14,   оқу сауаттылығынан 11, жаратылыстану-ғылыми сауаттылықтан 12 ші орынға көтерілді. Өткен зерттеулермен салыстырғанда математикалық сауаттылық 405, оқу сауаттылығы 378, жаратылыстану-ғылыми сауаттылық 406  ұпайға артты", - деді облыстық білім беру басқармасының басшысы Марат Әбуов 

Анықтама үшін: 2023-2024 оқу жылында 224 орта білім беру ұйымын 149 187 оқушы аяқтаған. Оның ішінде 9 сыныпты 12 276, 11 сыныпты  5 964 оқушы тәмәмдады. «Алтын белгіні» 123, «Үздік аттестатты» 333 оқушы иеленді.