Атырауда 33 сотталған тұлға жазадан босатылды

Атырау қалалық пробация қызметінде 740-қа жуық есепте тұрған қоғамнан оқшауланбай сотталған тұлғалардың 160-қа жуығына рақымшылық заңы қолданылуда.

Бұл туралы ATPress.kz сайты Атырау қалалық пробация қызметі бөліміне сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Былтыр  ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты, заңнамалық актілерге өзгерістер енгізілген еді, соның бірі - рақымшылық.

    «Қазіргі таңда оларға қатысты жадығаттар Атырау қалалық 2 сотына жолданып, онлайн режимінде оның 93-і қаралып, 33-і қылмыстық жазадан босатылды, 60- қа жуығының жаза мерзімдері қысқартылды. Қазіргі кезде жазадан босатылған 33 тұлғаның ішінде үшеуі қаулылары заңды күшіне енуіне байланысты есептен шығарылды, ал қалғандары мерзімдерін күтуде» делінген хабарламада.

Мамандардың айтуынша, кейбір тұлғалардың жәбірленушіге, мемлекетке берешегі жоқтарының қалған мерзімінің үштен бірі, қарызы барлардың бестен бірі қысқартылған.

Аталған заң нормасына сай жазатайым қылмысқа жол берген тұлғалардың қылмыстық баптары Республикамыздың әр облысының аймағында сот жүйесімен сараланып, қаралуда.

Айта кетейік, 2020 жылы қалалық пробация қызметінің есебіне 569, былтыр 581 сотталған тіркелсе,  2022 жылдың қаңтар айының өзінде  40 сотталған есепке алынған.