Атырауда 33 км-ге жуық су құбыры жаңартылады

Атырау қаласында сумен жабдықтау инфрақұрылымын жаңарту мақсатында тозығы жеткен, жарамдылық мерзімі өткен 32,7 шақырым су құбырына күрделі жөндеу жүріп жатыр. Қазіргі уақытта жобаның үшінші кезеңі басталып, құрылыс-монтаждау жұмыстары Аққыстау көшесі бойында жалғасуда, AtyrauPress тілшісі хабарлайды.

Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгінге дейін 434 метр су құбыры жаңартылып, жалпы жұмыстың 2,1% орындалды. Жоспарға сәйкес бұл кезең 2026 жылдың ІІ тоқсанында толықтай аяқталмақ.

– Жобаның ауқымдылығына байланысты жөндеу жұмыстары үш кезеңге бөлінген. Бас мердігер – «Бекболатовтар Құрылыс Компаниясы» ЖШС. 2024 жылы бірінші кезең аясында 31 шақырымнан астам су құбыры жаңартылып, жұмыстар Ғабдолов, Афанасьев, Құлманов, Сәтпаев, Момышұлы, Е.Досымов, Қ.Қожахмет, Қ.Омаров көшелері мен бірнеше ықшамауданда жүргізілді, – деді ТҮКШ және ТҮИ бөлімінің бас маманы Ербол Айтқалиев.

Ал сәуір айында басталған жобаның екінші кезеңі 2025 жылдың IV тоқсанында аяқталады деп жоспарланып отыр. Аталған кезең аясында Масалимов, Қазырет, Өтегенов, Алиев, Сарайшық көшелері мен Атырау-2 ықшамауданы аумағындағы желілерде 4802 метр су құбыры жүргізілді. Қазіргі уақытта жұмыстардың 24,6% орындалған.

Жанат Шаяхметова