Қала ішіндегі тозығы жеткен ұзындығы 33,4 шақырымды құрайтын кәріз желісі арнайы әдіс арқылы күрделі жөндеуден өтуде. Жоспарланған жұмыс көлемі 31учаскені құрайды. Қазіргі уақытта мамандар Авангард-2, Лесхоз, СМП-163 сынды бірнеше ықшамаудан мен көшелерде жұмыс істеп жатыр, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Мердігер мекеме 1-ші кезең бойынша 12 учаскеде ашық жүйе, яғни, кәріз желілерінің бойында қалып қойған қалдықтарды құбырларды бұзу арқылы тазалайды. Бұл жұмыстың көлемі - 12 972 метр. Ал ұзындығы 1726 метр болатын кәріз желісі санациялық әдіспен тазаланады. Нақтырақ айтқанда, құбырлардың ішін арнайы робот-камера түсіріп, қалдықтар тұрып қалған аумақты анықтап, құбырлардың жарамдылығын тексереді. 2-ші кезеңде 12 364 метр құбыр ашық жүйе арқылы тазаланса, санациялық әдіс қолданатын аумақ 1557 метрді құрайды. Бұл жұмыстар 9 учаскеде жүргізіледі. Ал 3-ші кезең бойынша мердігер мекеме 10 учаскеде жұмыс істеуі тиіс. Бүгінде мамандар 8065 метр кәріз желісін ашық,3798 метр құбырды санация әдісі арқылы тазалауға кірісіп кетті.
Жалпы бұл жұмысқа 2 мердігер компания жауапты.
- Аталған жоба 2 әдіспен, яғни санациялық және ашық жүйеде 3 кезең арқылы жүзеге асады. Ең алдымен көп жылдан бері кәріз құбырларында жиналған қоқыс қалдықтары тазаланып,іші арнайы қондырғымен жуылады. Кейін жаңадан келген робот-камера арқылы құбырдың жарамдылығын тексереміз. Содан соң құбыр есебінде кәріз желілеріне жаңа аппарат қондырылады, - деді жоба жетекшісі Нұрғиса Қуанышұлы.