Атырауда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында 2500-ге жуық қорғау нұсқамасы шығарылған, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Жыл басынан бері Атырау облысында 3106 отбасы-тұрмыстық қарым-қатынастар саласында хабарламалар тіркеліп, оның ішінде 315 құқық бұзушылықтар қайталап жасалған. ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабы «Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер» бойынша 1884, 73-1 бабы «Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру» бойынша 73 (өзгеріске дейін), 73-2 бабы «Ұрып-соғу» бойынша 828 (өзгеріске дейін) құқық бұзушы жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы облыстық ПД баспасөз қызметі мәлім етті. Аталған құқық бұзушылықтарды алдын-алу мақсатында отбасылық жанжалқорларға 2469 қорғау нұсқамалары шығарылып, құқық бұзушының мінез-құлқына 611 ерекше талаптар белгіленген. Қорғау нұсқамасын бұзғандары үшін ҚР ӘҚБтК-нің 461-бабы бойынша 191 адам әкімшілік жазаға тартылды.
Осы ретте, отбасы институтын нығайту, отбасылық жанжал, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, агрессорларға психологиялық көмек беру мақсатында Атырау облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы полиция майоры Райса Зинелғабиденқызы «Құқық» қоғамдық қорының психолог - маманымен бірлесіп, қорғау нұсқамасын бұзып, әкімшілік тәртіппен ұсталғандарға құқықтық кеңес берді. Тренинг өткізу барысында отбасындағы зорлық-зомбылық және оның алдын-алу, тосқауыл қою мәселесі талқыға түсті. Ал, мұндай психологиялық кеңестер көп жағдайда отбасылық жанжалдың қатысушыларына қажет екені сөзсіз.
Айта кетейік, қазіргі кезде отбасындағы зорлық-зомбылық - маңызды әлеуметтік проблемалар қатарында. Тұрмыстық зорлық - зомбылық - отбасы тұрмыстық қатынастар аясында бір адамның басқаға қатысты дене зардабын және психикалық зардап келтіретін немесе келтіру қаупі бар құқыққа қарсы қасақана әрекет. Бүгінде зорлық-зомбылық өткір әлеуметтік проблема ретінде жәбірленушілердің өздеріне әсер етіп қана қоймайды, сонымен қатар жалпы қоғамдық тұрақтылыққа және әлеуметтік тәртіпке қауіп төндіреді.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ