Атырау қаласында 2022 жылғы әскерге шақыру науқаны кезінде 21,3% жас денсаулығына байланысты Отан алдындағы борышынан босатылды. Ал әскер жасындағы жігіттердің 1,4%-і емделуді қажет етеді.
Өткен жылы көктемгі және күзгі әскерге шақыру мерзімі кезінде 2997 жігіт медициналық тексеруден өтіп, оның 77,3%-і ғана жарамды деп танылды.
«Әскерге шақырылушылардың басым бөлігінде ішкі ағзалардың аурулары, жүйке және хирургиялық аурулар анықталып отыр. Сонымен қатар көру қабілеті нашар жастардың да қатары жыл санап артып барады. Осы орайда, әскерге шақыру комиссиясына бекітілген дәрігерлер денсаулығында кінәраты бар жастарды тіркелген емханасына емделуге жібереді», дейді Атырау қаласының Қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген басқармасының Жасақтау бөлімі бастығының міндетін уақытша атқарушы аға сержант С.Ербулеков.
Былтыр күзгі мерзімде әскерге шақыру науқанында 50 әскерге шақырылушы азамат денсаулығына байланысты борышын өтеуден босатылды, ал кейбіріне әскерге шақыру уақытша кейінге қалдырылды.
Сурет ашық дереккөздерден алынды.