Атырауда 3 млн теңгеге жуық тұратын кітап сатып алынған (фото)

Ғ.Сланов атындағы Атырау облыстық ғылыми әмбебап кітапханасы құрамындағы көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы бөлімге былтыр 2 668 988 теңгеге 386 кітап сатып алынды.

400-ге жуық қордың ішінде электронды, брайль әріптерімен жазылған және әдеби кітаптар мен  мерзімді басылым бар. Ал жалпы 29 240 кітап бар болса, соның 28 мыңнан астамы қазақ тілінде жарық көрген. Қазір онда 675 оқырман тіркелген.

Кітапхана оқырманының бірі – Талғат Хамит Қызылқоға ауданы Мұқыр ауылында туған. Жарық дүниеге қос жанары сау болып келіпті. Алайда бала кезіндегі оқыс жағдайдан соң 9 жасында көру қабілеті нашарлай бастады. Көзіне екі рет ота жасалды. Бірақ жарық дүниені қайта көремін деген үміті сөнді. Дәрігерлер оған «көз торының қабаттануы» деген диагноз қойды. Содан 9-сыныпты аяқтағанша мұғалімдер үйіне келіп оқытатын болды. Қолына орта білім туралы аттестат тиген соң босқа жатпай, ауыл іші мен мектепте өтетін концерттерге қатысып, ән айтты. Осылайша, Талғаттың бағы жанып, зағип жандарға арналған «Жұлдыз-ай» республикалық фестиваліне қатысады.

«Мен өзімді денім сау адам ретінде қабылдаймын. Ауылда достарым маған мүгедек деп қарамады. Әрдайым өздерімен бірге ертіп жүретін. Сондықтан болар, ауылдың жолдарын, қуыс-қалтарысын жақсы білемін. Көзімнің көрмейтінін сезінбейтінмін. Ал қалаға келген соң өзімді қатты ыңғайсыз сезіне бастадым. Сол кезде ғана зағип екенімді мойындадым. Сөйтіп брайль алфавитін үйрендім. Әу баста өте қиын болды. Нүктелі-бедерлі әріпті тану, оқу оңайға соқпады. Ең бастысысы – саусақтарыңның моторикасын жақсы дамыту керек екен. Бос отырғанда тарыны ұстап жаттығу жасадым. Мен ешкімнен кем емеспін. Асабалық, әншілік өнерім бар. Көбінде ауыл жақтан тапсырыстар көп түседі. Қалалықтар әзірге «көзі көрмесе, қалай жүргізеді?» деген пікірде. Бұдан бөлек, голбол спортымен де айналысып жүрмін. Отбасын құрдым. Екі ұл мен егіз қыздарым бар» дейді Талғат Хамит.

Бөлім меңгерушісі Ботагөз Қаражанова соңғы уақытта Брайль қарпіндегі кітаптар жиі басылатынын және кітап тапшылығы жоғын алға тартты. Қуанарлығы – қажетті кітаптардың басым бөлігі қазақ тілінде. Оған қоса, кітапхана қызметкерлері де қарап отырмай, күнделікті жұмысынан тыс әдеби шығармаларды брайль әрпіне аударады. Бұл да оңай шаруа емес. Мәселен, Заря Жұманованың «Ақбота» деген шығармасын нүктелі-бедерлі кітап етіп арнайы принтерде басып шығару үшін кем дегенде 3 ай уақыт қажет. Осылайша, кириллицамен жазылған бір кітап брайльмен жазғанда 6 дана болды. Енді оның әрқайсы 7 мың теңге тұрады. Сонда бір роман кітаптың құны – 42 мың теңгеге шығып отыр. Тағы бір ерекшелгі – кітап арнайы қағазға бастырылады және оның салмағы жеп-жеңіл.

«Бізде кітап қоры мыңнан астам аудиокасеталар түрінде сақталған. Бұрын оларға деген сұраныс көп болатын. Қазір де магнитофоны бар үлкен кісілер касета тыңдағанды қалайды.  Былтыр екі тілде  127 CD кітап алынды. Ал жастар жағы заманауи техниканы меңгеруді жөн санайды. Біз өзіміз де кітап басып шығарамыз ғой.  Былтыр «Айна ғұмыр» мен Абайдың 42 қара сөзін нүктелі-бедерлі етіп шығардық. Брайль әрпінде 6 нүкте болады. Оның әрқайсының орналасу реті арқылы қандай қаріп екенін білуге болады. Тумысынан көз жанары сөнген азаматтардың сезу қабілеті жоғары дамығандықтан, олар брайль алфавитін тез меңгеріп алады. Ал бертін келе қос жанары көрмей қалғандар қиналады. Ол үшін саусақтарының моторикасын дамытатын жаттығулар жасатып жүріп, үйретеміз» дейді Б.Қаражанова.

Кітапханаға келушілердің ішінде өлең шығаратын, ән салатын, спортпен шұғылданатындар көп. Бәрі де бір нәрсені білмекке, үйренбекке  ұмтылған жандар. Бастысы, олар өздерін ешкімнен кем санамайды. Гүлжанат Тастанбекова осы кітапханада жұмыс істейді. Дефектология тифлопедагогика мамандығына қашықтан оқып жатыр. Туғаннан көзі көрмейді. Бірінші топ мүгедегі. Қазір мектепке бармаған балаларға нүктелі-бедерлі әріптерді үйретеді. Зағип бүлдіршіндер брайль кітаптарын оқумен қатар, әлем картасын және түрлі бейнелерді  саусақ ұшымен сезу арқылы оқып-үйрене алады.

Кітапханада қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қазақстандық компания шығарған SEZUAL аппаратының көмегімен брайль әріптерін үйрене алады. Оны былтыр демеушілер тарту еткен. Бұдан бөлек, кітаптағы мәтінді ұлғайтқыш құрылғы, мәтінді дауыстап оқып беретін құрылғы да оқырмандар үшін таптырмас мүмкіндік болып отыр. 

2020 жылы бұл кітапхана оңтайландыру мақсатында Ғ.Сланов атындағы Атырау облыстық ғылыми әмбебап кітапханасы құрамына кіріп, арнайы бөлім болғанын да айта кетейік.

Жыл басынан бері мұнда 8  зағип жанды облыстық жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа қабылдап отыр. Ал олардан бөлек кітапханада 6 адам жұмыс істеп келді.