Атырауда 3 айда сыбайлас жемқорлыққа қатысты 65 қылмыстық іс қозғалған

Атырау облысында биылғы 3 айда сыбайлас жемқорлыққа қатысты 65 қылмыстық іс болды, оның 15-і аяқталып, 8 сотқа жолданды, деп хабарлайды ATPress.kz.

Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Тергеу барысында келтірілген залалдың 20,2 млн. теңгесі  өндіріліп,
8 тұлға сот шешімімен сотталған.
«Қазіргі кезде Департаментпен Атырау облысы бойынша еңбек, әлеуметтік қорғау және көші–қон комитетінің Департаменті басшысына және осы ведомстваның бөлім басшысына қатысты қылмыстық іс тергелуде. Олар жүйелі түрде мүмкіндігі шектеулі жандардан мүгедектікті кедергісіз ұзарту үшін 30 000 және 70 000 тенге аралығында пара алған» делінген хабарламада.     
    Сонымен қатар, жүк тасымалымен айналысатын тұлғалардан республикалық маңызы бар жолдарда кедергісіз жүру, әкімшілік жауапкершілікке тартпау және жалпы қамқоршылыққа алу үшін барлығы 10 млн. тенгеден жоғары соммада бірнеше рет пара алу дерегі бойынша Атырау облыстық көлік бақылау Инспекциясының лауазымды тұлғаларына қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Тергеу сотының санкциясымен күдіктілер үй қамаққа алынды.   
     «Сондай-ақ сотпен пара алу фактісі бойынша Құрманғазы ауданы Көктоғай ауылдық округінің әкімі, Атырау облысы Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының инспекторы, Махамбет аудандық «Өнерпаз» мәдениет үйінің басшысына қатысты қылмыстық істер қаралуда.
    Соңғы шешім сотпен шығарылатын болады» делінген ресми мәлімдемеде.