Атырау облысында 277 мыңнан астам адам дене тәрбиесі және спортпен тұрақты түрде шұғылданады, деп хабарлайды AtyrauPress Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Аталған көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 1,3%-ға өсті. 2025 жылға дейін облыста бұқаралық спортпен тұрақты түрде айналысушылар саны 50%-ға жетеді деп жоспарланды. Бұл туралы облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Дастанбек Қоспанов мәлім етті.
- Жыл басынан бері бұқаралық спортты дамыту мақсатында облыс көлемінде 800-ден аса спорттық іс-шара ұйымдастырылып, 150 000-нан астам облыс тұрғыны қатысты. Оның ішінде 560 іс-шара ауылдық жерде ұйымдастырылып, 110 000-нан астам ауылдық жер тұрғындары қамтылды. Жалпы облыс бойынша 1000 адамға шаққанда халықтың спорт инфрақұрылымымен орташа қамтамасыз ету деңгейі 38,2%-ды құрап отыр, - деді Д.Қоспанов.
Бүгінде аймақта 9 кәсіби спорттық клуб жұмыс істейді. Яғни, волейбол, баскетбол, футбол, шағын футбол, хоккей, бокс клубы, мүгедектер спорттық клубы, су спорты түрлері клубы, ұлттық спорт түрлері.
Сонымен қатар ұлттық спорт, баскетбол, волейбол, су спорты клубтары жекешелендірілген, хоккей мен футбол, бокс клубтары сенімгерлікпен басқаруға берілген.
Спорттық клубтарда жаттығушылар саны 4276-ны құрап, биыл 633-ке көбейді.
Мира НҰРТАЕВА