Атырауда 2700-ден астам мемлекеттік қызметші еңбек етеді

Бүгін Қазақстанда тоғызыншы рет Мемлекеттік қызметші күні аталып өтілуде.

Бұл атаулы күннің тарихы Біріккен Ұлттар Ұйымынан бастау алады. 2002 жылдың 20 желтоқсанында Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 23 маусымды БҰҰ-ның мемлекеттік қызметшісі күні деп жариялау қарарын қабылдап, оған мүше әр мемлекетті де осыған байланысты бір күнді белгілеуге шақырды. 2013 жылдың 20 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Президентінің №716 Қаулысымен 23 маусым - Мемлекеттік қызметші күні болып бекітілді.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы - Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Ерлан Ермаханбетов мемлекеттік қызмет - үлкен жауапкершілікті талап ететінін алға тартты.

-Бұл саланың тізгінін ұстау үлкен төзімділік пен табандылықты қажет етеді. Себебі, мемлекеттік қызметке өз ісін сүйетін, жеке мүддесінен гөрі халық мүддесін жоғары қоятын, отансүйгіштік қасиеті бай патриот азамат бел буады. Осыған орай, мемлекеттік қызметке білікті де білімді мамандарды тарту мақсатында Ел Президенті Қ. Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасына сәйкес, Президенттік жастар кадр резерві жасақталып, былтыр екінші айналымы өткен болатын. Соның нәтижесінде, мемлекеттік қызмет кадрының сапалық құрамы артуда. Мемлекеттік қызметте өз қамы үшін емес, мемлекет игілігіне жұмыс істеу, кез келген орында, кез келген лауазымда болсаң да халықтың сенімінен шығу талап етіледі, - дейді Ерлан Мейрамханұлы.  

Айта кетейік, бүгінде Атырау облысында 2700-ден астам мемлекеттік қызметші еңбек етеді. Олардың қатарында жастардың үлесі 17%-ды құрап отыр.