Атырауда 25 қазан - Республика күніне орай «Қыран далам - Қазақстан» атты салтанатты жиын өтті

Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.

25 қазан - Республика күніне орайластырылған «Қыран далам - Қазақстан» атты салтанатты жиынға Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов қатысып, тұрғындарды мерекемен құттықтады, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Салтанатты жиын шымылдығын Махамбет Өтемісұлы атындағы академиялық драма театрының әртістері театрландырылған әдеби-музыкалық прологымен ашты. Жиында аймақ басшысы Серік Шәпкенов бұл даңқты датаны ұлттық, мемлекеттік мереке дәрежесінде атап өтудің мәні өте зор, әрі әділ және тарихи шешім екенін атап өтті.

- Баршаңызды ұлттық ұлық мерекеміз – Қазақстан Республикасы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Араға жылдар салып, бұл мерекені алғаш рет атап өтудеміз. Бұл даңқты датаны ұлттық, мемлекеттік мереке дәрежесінде атап өтудің мәні өте зор, әрі әділ және тарихи шешім. Осы күнге жетуіміз үшін ер халқымыз «күндіз отырмады, түнде ұйықтамады». «Қара қазан, сары бала қамы үшін қылыш сермеді». Рухы биік халық қиынға қайыспайды, ауырға мойымайды. Ұлы даланы аман-есен сақтап қалған да - осы асқақ рух. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Республика өз ісіне жауапты азаматтардың ортақ іс-әрекетінің арқасында құрылады. Өйткені, азаматтар – мемлекеттің арқауы. Азаматтары болмаса, мемлекет те болмайды»- деді.

Демек ұлы міндеттер мен мақсаттарға ұмтылған халық қана өз дегеніне жете алады. Ең бастысы, ортақ шаңырағымыз – сүйікті Отанымыз ырысқа кенеліп, көк байрағымыз биікте желбірей берсін,-деді облыс әкімі.