Облыста судағы қауіпсіздікті сақтамаған 491 азаматқа айыппұл салынды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, жыл басынан бері суға түсу орындарында заңнама талаптарын бұзған 491 азаматқа жалпы сомасы 2 млн 962 мың теңге айыппұл салынды. Оның ішінде ӘҚБтК-нің 364-ші, 412-ші, 440-шы, 582-ші бабтары бойынша хаттама толтырылған. Бұл туралы Төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Бахыт Абланов баспасөз мәслихатында мәлім етті.
- Бекітілген критерийлерге сәйкес келмейтін 13 адам есепке алынды, оның 8-і кәмелетке толмаған. Ал жазғы кезеңде әр түрлі себептермен барлығы 25 адам қаза тапты, оның ішінде кәмелетке толмаған 15 жасөспірім бар. Биыл судың көп мөлшерде келуіне байланысты өңірдегі шомылу маусымы да кейінге қалдырылды. Шектеу шараларына түсіністікпен қарауды сұраймыз. Бұл өз кезегінде азаматтардың денсаулығы мен өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған, - деді Б.Абланов.
Айта кетейік, облыс аумағында шомылуға тыйым салынған 70 қауіпті учаске бар. Онда 266 тыйым салу белгісі және 12 ақпараттық стенд орнатылған. Биыл қала әкімдігі «шомылуға тыйым салынады» атты қосымша 28 ескерту белгісін орнатты.