Атырауда 20 жаңа жоба іске асырылып, 1300-ден астам жұмыс орны ашылады

Атырау облысында құны 104 млрд теңгені құрайтын 20 жаңа инвестициялық жоба жүзеге асып жатыр, нәтижесінде 1 300-ден аса жаңа жұмыс орны ашылады, деп хабарлайды AtyrauPress.

Бұл туралы өңір әкімі Серік Шәпкенов Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз жиынында мәлімдеді.

Әкімнің айтуынша, өңір экономикасының негізгі қозғаушы күші - мұнай-газ саласы. Қазір құны 10,7 млрд доллар болатын үш ірі зәкірлі жоба іске асырылуда. Ал жаңа 20 жоба өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосымша серпін береді.

«Инвестициялық жобалардың жүзеге асуы арқылы 1 320 жаңа жұмыс орны құрылады. Соның арқасында өңірде жұмыспен қамту мәселесі де жақсара түседі», - деді Серік Шәпкенов.

Айтуынша, агроөнеркәсіп кешеніндегі көрсеткіш те оң динамика көрсетуде: 10 айда 116,8 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Мал шаруашылығы саласы да өсім қосқан.

Айта кетейік, Атырау облысы соңғы жылдары инвесторлар үшін қолайлы аймақтардың бірі саналады. Өңірде мұнай-газ, химия, агросектор және логистика бағыттарында жаңа өндіріс орындары ашылып келеді.