«Жұлдызда» «ТШО» ЖШС-нің «Игілік» бағдарламасымен балабақша ашылды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі мәлім етті. Балабақшаның салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Серік Шәпкеновпен «Теңізшевройл» ЖШС өндіріс жөніндегі бас менеджері Стивен Коннер және тұрғындар қатысты.
- Аймақта балалар жылында жеткен жетістіктеріміз, нәтижелеріміз аз емес. Соның бірі - жас бүлдіршіндерге есігін ашқалы отырған балабақша. Біз мемлекет тарапынан балаларға тиісті жағдайды жасаймыз. Бұл жұмыс әлі де өз жалғасын табады. Жаңа жылда бүлдіршіндеріміздің қадам басқалы отырған жаңа балабақшасы құтты болсын, деді С.Шәпкенов.
Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, 2 жастан 5 жасқа дейінгі балаларға арналған балабақшада 7 топ бар: 3 ең кіші бүлдіршіндерге арналған 20 орындық топ, қалғандары 25 орынға арналған топ.
Сонымен қатар, көлеңкелі шатырлы жеті топтық алаң, спорт және ашық ауада іс-шаралар өткізуге арналған алаңдар көзделген. Балабақшада спорттық, гимнастикалық және музыкалық сабақтарды өткізуге арналған залдар да бар. Барлығы жаңа технологиялармен қамтылған.
Айта кетейік, балабақшаға 45 қызметкер, оның ішінде 20 педагог, 26 техникалық қызметкер қабылданады. Ал балаларды қабылдау 20 қаңтардан бастап indigo24.kz ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады.