Атырау қаласында 16 шақырымнан астам жылу құбырлары жаңартылып жатыр. Қолданыс мерзімі біткен желілер кезең-кезеңімен ауыстырылып, жөндеу жұмыстарын «Атырау жылу жүйелері» ЖШС жүзеге асыруда, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жалпы облыс орталығында 426 шақырым жылу желісі бар. Жұмыстар негізгі төрт учаскеде жүргізілуде. Атап айтқанда, Жайық өзенінің оң жағалауындағы 4,5 шақырым жылу желісі толық ауыстырылады.
- Қала бойынша 55 жылу пункті бар. Қазір Атыраудың барлық аумағында жылыту маусымына дайындық жүріп жатыр. Бұл жұмыстарды 1 қазанға дейін толық аяқтауды жоспарлап отырмыз. Құбырларды ауыстыру шаралары Азаттық, Сәтпаев және Владимирский көшелерінде жүргізілуде. Ал Лесхоз шағынауданындағы жылу желілерін жаңарту 100% аяқталды,- деді "Атырау жылу жүйелері" ЖШС директорының орынбасары Жұмахмет Елемесов.
Сондай-ақ ұзындығы 20 шақырымға жуық құбырларға жылу оқшаулау жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Қазіргі уақытта ол оның 0,963 шақырымы орындалды.
Айта кетейік, 2024 жылдың күзгі-қысқы маусымына дайындық аясында 18,2 шақырым жылу желісі ауыстырылған болатын.