Бұл туралы Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.
Мүгедектік тобын белгілеу бойынша қызметті алу үшін пациент тұратын жеріндегі емханаға жүгінуі және қажетті тексерулерден өтуі қажет. Ал қалған процестер ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйелерін интеграциялау арқылы оның қатысуынсыз өтеді. Денсаулық сақтау министрлігінің, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің және Цифрлық даму министрлігінің мүгедектікті сырттай куәландыру жөніндегі бірлескен жобасы өткен жылдың қазан айынан бастап 12 ауру бойынша іске қосылған болатын.
Сондай-ақ оның ішіне барлық қатерлі ісіктер енгізілген еді. Қажетті медициналық құжаттаманы қалыптастыру құралы ретінде еліміздің емханаларында медициналық ақпараттық жүйесі (МАЖ) пайдаланылады.
Атырау қаласы мен облыстық емханаларда Damumed МАЖ жұмыс істеуде. Ол дәрігерлерге цифрлық құрал арқылы электрондық құжаттар пакетін қолжетімді етеді. Бұл құрал электрондық үкімет шлюзінің тетіктері арқылы Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйесіне және одан әрі Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің жүйесіне автоматты түрде жіберіледі.
Пациенттер үшін мүгедектікті сырттай куәландыруға немесе қайта куәландыруға құжаттарды тапсыру рәсімі келесідей. Егер мүгедектік алғаш рет белгіленсе, онда пациенттің бастамасы бойынша және дәрігер пациенттен немесе оның заңды өкілінен egov дербес деректерге қол жеткізуді бақылау мемлекеттік сервисі арқылы алатын ақпараттандырылған келісімімен, дәрігерлік тексерулер, госпитализациялар, еңбекке жарамсыздық парақтары туралы мәліметтер және тағы басқаларды негізге алып, қажетті құжаттар пакетін қалыптастырады.
Егер стандартқа сәйкес қандай да бір тексерулер жетіспесе немесе олар ұзақ уақыт бұрын жасалса, пациентке қажетті тексерулерден өту ұсынылады, олардың нәтижелері МАЖ-да дайын болған кезде көрсетіледі. Мерзімінің өтуіне байланысты мүгедектікті растау қажет болған жағдайда дәрігер айрықша қажеттіліктері бар пациентке немесе оның өкіліне куәлік мерзімі аяқталғанға дейін 2 апта бұрын емханаға баруға бастамашылық жасайды.
Мүгедектігі бар азаматтар туралы ақпарат қазірдің өзінде бірыңғай дерекқорда бар және дәрігер пациенттің денсаулық тарихын дербес қалыптастыра алады. Екі жағдайда да пациенттің иесіздендірілген деректері еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің медициналық-әлеуметтік сараптамасына анонимді онлайн-комиссияға жіберіледі. Бұл комиссия тек пациенттің медициналық деректері негізінде шешім қабылдайды. Жоба азаматтардың әртүрлі инстанцияларға баруын болдырмайды және қағазбастылықтан арылтады.
Айта кетейік, қазіргі таңда Атырауда 1584 адам осы қызмет түрі бойынша мүгедектік ресімдеген.