Атырау облысында 108 әлеуметтік қызметкер жалғызбасты және мүгедектігі бар 567 қартқа үйден қызмет көрсетеді, деп хабарлайды өңірлік коммуникациялар қызметі.
Бұл туралы облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету бөлімінің басшысы Құралай Тілеумағамбетова мәлім етті.
- Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандартына сәйкес қызметкерлер аптасына екі рет 2 сағаттан жалғызбасты қарттар мен мүгедектерге үйден қызмет көрсетеді. Сондай-ақ терезелерін, 10 күнде бір рет едендерін жуып береді. Сонымен қатар денсаулық жағдайына байланысты өзін-өзі күте алмайтын қарттарға да қызмет көрсетіледі. Төсектен тұру, төсекке жату, киіну, жуыну, тамақтану, сусын ішу, тағы сол сияқты күнделікті қарапайым процедураларды орындап, үйден тыс жерде бір елді мекен шегінде ілесіп жүреді деді, Қ.Тілеумағамбетова.
Қазір облыста 2079 қартқа жергілікті бюджет есебінен әлеуметтік көмектер тағайындалған. Сонымен қатар Атырау қаласы бойынша өткен жылдан бастап егде жастағыларға әлеуметтік қолдау көрсету үшін «Белсенді ұзақ өмір сүру» бастамасы қолға алынды.
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс негізінде іске асқан жоба арқылы 150 зейнеткер ән айту, спорт, шахмат, бассейн, атпен серуендеу және компьютерлік сауаттылықты арттыру үйірмелерінен қызмет алады.