Өткен жылы Атырауда 138 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған, деп хабарлайды ATPress.kz.
Бұл туралы Атырау облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі Аслан Құмаров мәлімдеді.
- Талдау көрсеткендей, бұзушылықтардың басым бөлігі республикалық бюджеттен бөлінген қаражатты мақсатсыз пайдаланудан, еңбекақыға бөлінген бюджет қаржысын жымқырудан және жер сатудан бюджетке түсетін түсімдердің қазынаға толық түспеуінен болып отыр, - дейді спикер.
«Мәселен, республикалық бюджеттен бөлінген қаражатты мақсатсыз пайдалану бюджет әкімгерлері тарапынан орын алған, мұндағы басты себеп бюджетті игерілмеуінен болатын жауапкершіліктен құтылу үшін, басшылар игерілу көрсеткішін 100%ға жеткізу жолында жалған ақпарат беру арқылы жергілікті бюджеттің есебінен кететін шығындарды республикалық бюджеттің есебінен жапқан.
Бұл бұзушылық негізінен бюджет шығыстарын дұрыс жоспарламауынан, ал кейде тіпті жоспарлаудың формальды болуынан орын алып отыр.
Тағы бір жиі орын алатын бұзушылық – бюджет қаржысын жымқыру, ол көбіне есепшілер тарапынан орын алуда. Мұндағы басты себеп жеке басының материалдық жағдайын дұрыстау, - дейді Аслан Құмаров.
Айта кетейік, уәкілетті органдарға шара алу үшін жолданған аудит материалдары негізінде 256 әкімшілік іс қозғалып, 120 жеке және заңды тұлғаға жалпы сомасы 16 млн. теңге әкімшілік айыппұл салынған.