Атырауда 13 млн теңге жымқырған есепші ұсталды

Атыраулық аудиторлар камералық бақылау арқылы жарты жылда 25 млрд теңге көлемінде қаржы бұзушылығын анықтады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Атырау облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары Жалғас Боқаевтың мәліметінше, мемлекеттік сатып алу заңнамасының сақталмауы қаржылық бұзушылыққа жол ашады. Бұл туралы «ҚазАқпарат» мәлім етті.

«Биылғы 6 айда 47 аудиторлық іс-шараның қорытындысымен 827 млн теңгенің, камералық бақылау кезінде 25 млрд 816 млн теңгенің қаржы бұзушылығы анықталып отыр. Сыбайлас жемқорлық тәуекелі бар үш іс құқық қорғау органдарына берілді. Мәселен, Жылыой ауданындағы №2 орта мектепте 2018-2021 жылдары жұмыс істемейтін 2 адамның шотына 5 млн 119 мың 116 теңге бюджет қаржысы негізсіз аударылғаны анықталды. Аудит қорытындысымен негізсіз төленген бюджет қаражаты кері қайтарған. Осы аудандағы Қосшағыл ауылындағы мәдениет үйі директоры 2020-2021 жылдары 2 адаммен еңбек шарты жасалып, олардың шотына 992 мың 395 теңге аударылған. Алайда, аудит кезінде аталған адамдардың мәдениет үйінде жұмыс істемегені дәлелденді», -деп хабарлады Жалғас Боқаев.

Оның айтуынша, Құрманғазы ауданындағы Шортанбай ауылдық мәдениет үйіне де жоспардан тыс аудиторлық іс-шара жүргізілген. Сол кезде есепшінің 2022 жылы өзінің банктегі картасына 13 млн 184 мың теңгені аударып алғаны анықталған. Есепші заңсыз иеленген қаржының 5 млн 650 мың теңгесін қайтарған.

«Сот шешімімен мектеп директорына 4 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу, ал мәдениет үйінің директорына 3 жыл 6 айға мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Шортанбай мәдениет үйінің есепшісіне 5 жыл мерзімге материалдық жауапты лауазымдарды атқару құқығынан, 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы берілді. Мәдениет үйінің директоры мен есепшісіне берілген жазаны өтеу мерзімі 5 жылға кейінге шегерілді», -деп мәлім етті Жалғас Боқаев.