Атырауда 13 аспапта ойнайтын өнер адамы бар

Атырау облысының Мақат ауданында 13 музыкалық аспап меңгерген азамат бар. Ол ауданның мәдени және рухани әлеуетін арттыруға үлес қосып, еңбек етіп жүрген жандардың бірі.

Ерасыл Мұсаев Мақат балалар өнер мектебінде «домбыра-тенор» мамандығы мен «таңдаулы» пәндердің мұғалімі және «Шалқыма» фольклорлық ұстаздар ансамблінің жетекшісі болып қызмет етеді. Оның негізгі мамандығы домбырашы болса да, жетіген, саз сырнай, сыбызғы, шаңқобыз, шертер, прима-домбыра, бас-домбыра, контрабас, ишқурай, фортепиано, классикалық гитара, бас гитарада еркін ойнайды. Ерасылдың айтуынша, әр аспаптың өзіндік ерекшелігі бар және  олардың дыбыс шығаруы мен үндестігі бір-бірінен бөлек болады екен.

Оның  музыкаға деген қызығушылығы мектеп қабырғасынан басталады. Әжесінің себепкер болуымен домбыра тартуға ден қояды. Мектеп бітіргеннен кейін 2016-2020 жылдар аралығында Орал қаласындағы Құрманғазы атындағы саз колледжінде «Аспаптық орындау және музыкалық өнер эстрадасы» мамандығы бойынша білім алып, кейін М.Өтемісов атындағы мемлекеттік педагогикалық университетінде «Орындаушылық өнер» мамандығы бойынша оқуға қабылданып, алғашқы еңбек жолын сол қаладан бастайды. Оқу бітірген соң араға төрт жыл салып, туған жеріне қайта оралады.

«Еңбекке араласуым 2018 жылы Орал қаласының Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармониясындағы «Дәулеткерей» атындағы халық аспаптар оркестрінде бас домбырашы қызметінен басталды. Сондай-ақ, сол жылдары Орал қаласындағы Жастар мәдениет үйінде «Алаш» этно-фольклорлық ансамблінде бас домбырашы, «Жастар» шығармашылық орталығында Батыс Қазақстан облысы әкімінің эстрадалық-симфониялық оркестрінде әртіс, бас гитарашы болып та жұмыс жасадым. 2020 жылы Мақат балалар өнер мектебіне «домбыра-тенор» мамандығының оқытушысы болып қызмет ауыстырдым. Сол жылдан бастап мектеп директоры Дәулеткерей Нәсіпқалиұлы және мектеп ұстаздарымен бірге «Шалқыма» фольклорлық ансамблінің негізін қалап, ансамбль жетекшісі ретінде қызмет етіп келемін», - дейді Ерасыл.

Былтыр өнерлі жігіт II Халықаралық «Zhas onerpaz» өнер, шығармашылық байқауында домбыра аспабы бойынша бас жүлдемен марапатталған. Ал жақында ғана өткен 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай ұйымдастырылған аудандық «Жігіт сұлтаны-2023» байқауының бас жүлдесін жеңіп алды.

Өнерлі жігіт шәкірт тәрбиелеп жүр. Оның шәкірттері облыстық, республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаты атанып үлгерген.