Атырау облысында цифрландыру саласында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Нәтижесінде өңір халқының 99,6 пайызы интернетке қол жеткізіп отыр.
Бұл туралы Атырау облысы Цифрландыру және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Аман Сұлтанов мәлім етті, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Облыстың 132 ауылдық елді мекені талшықты-оптикалық байланыс желісіне қосылды. Сонымен қатар Атырау қаласында – 108, Құлсарыда – 6 жаңа 5G базалық станциясы орнатылды.
Сондай-ақ цифрлық қызметтер де қарқынды дамып келеді. Геопортал арқылы қазірге дейін 53 мыңнан астам қызмет көрсетілген. 70-тен аса мекеме осы жүйені белсенді қолдануда.
Сонымен қатар «Атырау жастары» бағдарламасына өтініш беру де толықтай цифрландырылды. 2024–2025 жылдары түскен 765 өтініштің 134-і мақұлданып, жастар баспаналы болды.
- Инвесторлар үшін арнайы инвестициялық карта іске қосылды. Онда облыстың әлеуетті жобалары мен жаңа бастамалары туралы толық ақпарат бар. Бүгінде картада қаржыландыруды қажет ететін 11 жоба және жүзеге асырылып жатқан 6 жоба тіркелді, - деді А.Сұлтанов.
Цифрландыру және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Аман Сұлтановтың айтуынша, Атырауда табиғи монополия субъектілерінің қызметтерін автоматтандыруға бағытталған онлайн портал да іске қосылды. Оның көмегімен тұрғындар бір терезе қағидаты бойынша 25 түрлі қызметке өтінім бере алады. Бүгінде портал арқылы 548 өтініш қабылданған.