Бұл туралы Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Темірлан Әубәкіров мәлім етті, деп хабарлайды Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.
«Қаланың энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы кәсіпорындары мен әлеуметтік сала объектілерін 2022-2023 жылдардың күзгі-қысқы кезеңіне дайындау туралы» қаулысына сәйкес, биыл 19 мамырдан бастап қаладағы көпқабатты үйлерді қысқа дайындау жұмысы басталды. Бүгінде қала бойынша 1100-ден астам тұрғын үйге толықтай жылу берілген.
- Осы жылы жылу беру маусымы басталған бойда пәтер иелері кооперативінің тапсырысы бойынша орталықтанған жылу жүйесінен жылу алатын 1031 тұрғын үй қысқа дайындалды. Қазір бұл баспаналарға жылу толықтай беріліп отыр. Одан басқа қала бойынша жеке қазандықтар бар. «Атырау Су Арнасы» КМК қазанынан 14 пәтер, жеке қазандардан 69 пәтер және «Тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС-нен 39 пәтер жылумен қамтамасыз етіліп отыр. Жалпы қала бойынша 1141 көпқабатты тұрғын үй жылумен қамтамасыз етілді, - деді Т.Әубәкіров. Ал «Атырау жылу жүйелері» АҚ вице-президенті Әлібек Темірғалиев, жылу беру маусымы басталмастан бұрын толықтай жөндеу жұмыстары өткенін және қажетті шаралардың уақтылы жүргізілгенін айтты. Сондай-ақ ТҮКШ бөлімінің арнайы тексеріс құрамы және «Атырау жылу жүйелері» АҚ-ның мамандары өздеріне қарасты тұрғын үйлерді үнемі бақылауда ұстап отырғанын жеткізді.