Атырауда 11 жасар қызды туған әкесі ұрып-соғып, дұға жасауға мәжбүрлеп отыр

Бұл туралы әлеуметтік желіде Атырау қаласының кәмелетке толмағандарға арналған бейімдеу орталығының қызметкері хабарлады.

Пост авторы қыздың 20 қаңтарда кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына түскені туралы жазған.  11 жастағы қыз әкесінің бірнеше жыл бойы мазақ етіп, ұрып-соққанына және дұға жасауға мәжбүрлеуіне шыдай алмай, үйінен қашып кеткен.

«Атырау қаласының кәмелетке толмағандарға арналған бейімдеу орталығына өз үйінен қашып кеткен 11 жастағы қыз келді. Бұл оқиға бәрімізді үрейлендірді. Өйткені қыздың айтуынша, оның әкесі ваххабит. Бірнеше жыл бойы оны ұрып-соғып, мазақ етіп,  дұға етуге мәжбүрлеген.  Ал әкесіне бағынбаған жағдайда, оны өлтіремін деп бірнеше рет қорқытыпты», - деп жазады автор.

Ал қыздың анасы болса «темір тордың» ар жағында жазасын өтеп келген соң перзентін әкесіне қалдырып,  отбасынан мүлдем кетіп қалған.

 «Қыздың анасы бірнеше жыл бұрын бас бостандығынан айырылып, жазасын өтеп шыққаннан кейін  отбасынан кетіп, балаларынан бас тартты. Былтыр қарашада  кезекті ұрып-соғудан кейін қыз нағашы әжесінен оны балалар ауруханасына апаруын өтінген. Онда дәрігер қыздың денесінің біраз жері көгергенін  және қабырғасының сынғанын анықтады. Әкесінің қаһарынан қорыққан  жеткіншек дәрігерге барлық шындықты айта алмаған», - делінген хатта.

Кезекті қорлыққа  шыдай алмаған қыз  сыныптасының әкесінен көмек сұрады. Ол оны полицияға апарып,  жеткіншек бар мән-жайды тәртіп сақшыларына айтып берді.  Мұнан соң полиция қызды Атыраудағы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырды. Ең қызығы, қорлық көрген қыздың әкесінің шешесі қалада есімі белгілі адвокат екен. Ол өзінің тамыр-таныстары арқылы немересін райынан қайтаруға тырысқан.

Кішкентай қыз қазір кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында және онымен  психологтар мен педагогтар үздіксіз жұмыс істеп жатыр.

 Атырау облысы полиция департаментінің хабарлауынша, аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 110 бабы 2 бөлігі 1 тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Қазіргі таңда жасөспірім Атырау облысының жасөспірімдерді бейімдеу орталығында мамандардың бақылауында.

Өзге ақпарат ҚР ҚПК-нің 201 бабына сәйкес жариялауға жатпайды.