Атырауда 105 адам жіті ішек инфекциясын жұқтырған

Облыста жыл басынан бері 105 адам жіті ішек инфекциясын жұқтырған.

Жаз шығып, күн ыси бастаған кезде жіті ішек инфекциясы ауруы өрши түседі. Бұл ауру әсіресе, 1 жастан 14 жасқа дейінгі балаларда жиі кездеседі. Мамандардың айтуынша, 1 жасқа дейінгі жас сәбилер жиі науқастанады.

Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлнәз Ирбатырова бұл аурудың өршуі - күннің ысуы, жеміс-жидектер мен көкөністердің көптеп пісуіне байланысты екенін айтты.

«Көбінде 1 жасқа дейінгі сәбилердің 50-60 пайызы науқастанады. Ауру тамақты дұрыс дайындамау, оны дұрыс сақтамау салдарынан жұғады. Мәселен, жеміс-жидектер мен көкөністерді дұрыс тазаламай тұтыну -  іш өту мен құсуға себеп болады. Қазір қауын, қарбыз сатылымда көбейіп жатыр. Оларды балаларға бермеңіз. Оған қоса жылдам дайындалатын тағамдардан да бас тарту қажет. Өйткені қандай жағдайда және кімдердің дайындайтыны белгісіз», дейді Г.Ирбатырова.

Айта кетейік, былтыр Атырау облысында осы уақыт аралығында 125 жіті ішек инфекциясы тіркелген.