Атырауда 1000 шаршы метрге жуық қар шығарылды

Атырауда қар тазалау жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Атырау қаласында 3 ақпаннан басталған қар бір тәулікке ұласты. Ауа райы 10 градусқа дейін төмендеп, 4 ақпан 15:00 дейін қалада 15-16 см қар түскен. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім етті. Көктайғақтың алдын алу үшін қар жауған кезден бастап жолдарға, қиылыстар мен жолайрықтарға көктайғаққа қарсы жұмыс күші жұмылдырылып, қар тазаланды.

- Қар тазалау жұмысына 19 техника, 220 жол жұмысшылары жұмылдырылды. Тротуарларды, жаяу жүргіншілер аймақтарын, қоғамдық көлік аялдамаларын, автотұрақ қалталарын, үстіңгі өткелдерді және ортақ пайдаланылатын жерлерді тазарту жұмыстары жүргізілуде. Таңертеңгі қарбалас уақыттан кейін қарды қаланың сыртына шығарылды. Күні бүгінге дейін 920 шаршы метр қар шығарылып, 38 тонна арнайы реагент себілді. Жұмысшылар бір ауысымда таңғы 7.00-ден кешкілік 22.00-ге дейін тазалық жұмысын жүргізуде,- деді «Арнаулыавтобаза» ЖШС директоры Алмас Ізтелеуов.

«Қазгидромет» РММ Атырау облыстық филиалының бөлім басшысы Айна Казгулованың айтуынаша, ертең яғни 7 ақпан да қалың қар күтілуде.

Айта кетейік, қардың қалың жаууы соңғы рет 2016 жылы болған. Ол уақытта бір тәулікте Атырау қаласында қардың қалыңдығы 34 см, Индер ауданында 58 см болған. Ал өзге аудандарда 34-58 см аралығындағы қалыңдықта жауған.