Бұл туралы Атырау облысы прокуратурасының алқа отырысында айтылды, деп хабарлайды облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Соңғы екі жылда еңбек заңнамасының сақталуы, еңбек қатынастары саласында туындаған дауларды болдырмау және алдын алу бағытында атқарылған жұмыстар туралы Атырау облысы прокуратурасының алқа отырысы өтті.
Жиынға Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, қала және аудандағы прокурорлар, жауапты мемлекеттік орган басшылары мен өңірдегі ірі мұнай компанияларының бірінші басшылары қатысты («ТШО» ЖШС бас директоры Кевин Лайон, «NCOC» компаниясының басқарушы директоры Оливье Лазар, «ЕмбіМұнайГаз» АҚ бас директоры Есен Қайыржан, «АМӨЗ» ЖШС бас директоры Мұрат Досмұратов).
Шарада жұмысшылардың оның ішінде Қазақстан азаматтарының еңбек құқықтарының сақталуы, еңбек дауларының алдын алу және өндірістік жарақаттарды болдырмау мәселелері талқыланды.
Жиында атқарылған жұмыстардың нәтижелері туралы нақты статистика келтірілді. Облыс прокуратурасының қадағалау жұмыстары нәтижесімен 20-ға жуық кәсіпорын әкімшілік жауаптылыққа тартылып, 1000-нан астам жұмысшының құқықтары қорғалып, олардың 586 млн теңге жалақысы өндірілуі қамтамасыз етілді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өз жолдауында азаматтардың еңбек құқықтарының қорғалуын қатаң қадағалауды тапсырды. Бұл ретте Бас Прокурордың тапсырмасымен бірқатар жұмыстар атқарылды.
Мәселен «Интер Таско», «Gold Construction», «Вест Дала», «КМГ-Секьюрити» және басқада мекемелерде жұмысшылардың еңбек қауіпсіздігінің бұзылуы, еңбекақының уақтылы төленбеуі, еңбекақы мөлшерін арттыру, халықты жұмыспен қамту саласында орын алған құқық бұзушылықтар жойылды. Сондай-ақ, біліктілік талаптары мен лауазымдары сәйкес келмейтін 200-ден астам шетел жұмысшыларының рұқсаттары кері қайтарылды және заңсыз еңбек қызметін жүзеге асырған 18 шетел азаматы Қазақстан Республикасы аумағынан депортациялау арқылы шығарылды»,- деді облыс прокуроры Бауыржан Жұмақанов.
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау басты назарда екенін атап айтты.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ең басты маңызды мәселені – адамның құқығы деп белгіледі. Адамның құқығын қорғау, заң үстемдігі. Адам құқығы мен қызметіне сай жалақы алу керек. Жұмысшыларға қолайлы жағдай жасауымыз керек. Сондықтан прокуратураға арнайы келіп, Заңды қадағалайтын орган ретінде осы мәселені қозғап отырмын. Біз бірлесе жұмыс жүргізуіміз керек, деді аймақ басшысы Серік Шәпкенов.
Алқа отырысының қорытындысымен мемлекеттік органдарға аталған бағыттағы жұмыстарды күшейту және жұмыс берушілерге азаматтардың еңбек құқықтарын қатаң түрде сақтау тапсырылды.
Азаматтардың еңбек құқықтарының сақталуы прокуратура органдарының басты назарында және бұл бағыттағы жұмыстар үнемі жүргізілетіндігі айтылды.