Жылыой ауданының прокуратурасы жұмысшылардың еңбек құқықтарын бұзу фактілерін анықтады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Атырау облысының прокуратурасынан білгеніміздей, «Батыс Тех Инвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз қызметкерлеріне еңбекақы төлемеген екен. Сол сияқты, «ЖылыойСу» кәсіпорны да Теңіз кен орнында «ИнтерТаско» ЖШС-нің жұмысшыларына зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерді жүргізбеген.
«Прокурорлық қадағалау актілері негізінде 32 миллион теңге көлемінде 180 жұмысшының жалақысы өндіріп алынды. Сондай-ақ, 744 қызметкерге тиесілі барлығы 48 млн теңге болатын зейнетақы мен әлеуметтік аударымдар да толықтай өндірілді» деп мәлімдеді прокуратураның баспасөз қызметі.