АТЫРАУДА 100 АУЛА ЖОБАСЫ БАСТАЛДЫ

Пәтер иелері кооперативтері мен тұрғындардың ұсыныстарына сәйкес 100 ауланы абаттандыру жұмыстары басталды, деп хабарлайды ATPress.kz.

Бұл туралы қала әкімдігінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасында жарияланды.

 Бүгінде аталған жобалардың ішінен 72 ауланы абаттандыру бойынша мердігер мекеме анықталып, алғашқы жұмыстары басталып жатыр.

Жасақталған жоба ішінде тұрғын үйлер аулаларының автокөлік және жаяу жүргіншілер жолдарын қалпына келтіру, кеңейту, автотұрақтар орнын салу, әсемдік қоршаулар мен түнгі жарық шамдарын орнату, балалар ойын алаңдары, спорттық-жаттығу алаңдары мен кіші аяқ доп алаңдарын орнату, ағаштарды егу мен әртүрлі пішінде көркемдеу, қоқыс алаңшалары мен қоқыс жәшіктерін орнату және т.б. жұмыстар қаралған.

Биыл тұрғындардың сұранысын ескере отырып, 6 жоба бойынша конкурс жарияланды. Нәтижесінде «Атырау Көлік» ЖШС мен «Риголит» ЖШС мекемелері анықталып, қазіргі таңда жұмыстар басталды.

  "Қазіргі таңда Құнанбаев көшесі 30, 30А үйлерінде және «Авангард» 3, 4 ықшам ауданында жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, тиісті жұмыстар Балықшы, Вокзал маңы, Нұрсая, Мұнайшы, Авангард, Лесхоз, Водников, Тұрғын үй қалашығы шағын аудандары және Азаттық, Сәтпаев, Құлманов, Атамбаев т.б көшелердің бірқатар аумақтарында ойын алаңдары орнатылатын болады" делінген жазбада.

 

Айта кетейік, биылғы жылы 100 ауланың жұмысы басталып, келесі жылы жалғасын табады. Сонымен қатар, бұдан бөлек тағы 100 ауланың жобасы жасақталады. Қазіргі таңда ол үшін тізімдер жасақталуда. Осы ретте, қалалық тұрғын үй инспекциясы бөліміне 87017902921 нөмірі және Атырау қаласы әкімдігінің фейсбук(Атырау қаласы әкімдігі) және инстаграм(atyrau_qalasy_akimdigi) әлеуметтік желісіндегі парақшасы арқылы ұсыныс білдіруге болады.