Пәтер иелері кооперативтері мен тұрғындардың ұсыныстары бойынша 100 ауланы абаттандыру жұмыстарына мердігер мекеме анықталып, бүгінде жаңғырту жұмыстары басталған.
- Атырау қаласын әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамыту басты міндет. Жалпы мұнайлы астананы көркейту үшін бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Бүгінде қаладағы тұрғын үйлердің аулаларын жаңарту жұмыстары қарқынды түрде жүруде. Қазір Балықшы ықшам ауданы, Орталық көшелер, «Авангард» және «Лесхоз» ықшам аудандарында аулаларды жаңғырту жұмыстары атқарылуда. Сонымен қатар алдағы уақытта Вокзал маңы, Нұрсая, Мұнайшы, Водников, Тұрғын үй қалашығы шағын аудандары және Азаттық, Құлманов, Атамбаев т.б көшелердің бірқатар аумақтарында ойын алаңдары орнатылатын болады. Биыл «Халық қатысатын бюджет» жобасы негізінде 5 ойын алаңы ағымдық жөндеуден өтті. Қазір демеушілердің көмегімен елді мекендерге ойын алаңдарын салу жұмыстары белсенді жүріп жатыр,- деді М.Қалауи.
Сондай-ақ қала әкімі Атыраудағы тозығы жеткен 48 футбол алаңы жөнделіп жатқанын және оның жиырмаға жуығы жылдың соңына дейін аяқталып, қолданысқа берілетінін айтты. Ал қалған 28 футбол алаңы келесі жылы аяқталып, пайдалануға берілмек.