«Ембімұнайгаз» АҚ-ның 100 жылдығына орай, аталған компанияның қолдауымен Исатай-Махамбет алаңында Open air «Мұнайлы өлке шамдары» атты ауқымды концерті өтті.
Бұл туралы Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды. Аталған концертке 10 мыңға жуық көрермен қатысты.
Қала тұрғындары мен қонақтарын қазақстандық эстраданың атақты да жас жұлдыздары өз өнерлерімен қуантты.
Олардың қатарында Бейбіт Көшқалиев, Айдана Меденова, Keshyou тобы, Орда тобы, Kalifarniya, Әлішер Кәрімов, 101-топ, Mona Songz, Анатолий Цой, Диная, Дастан Оразбеков, Рухия Байдукенова, Ринат Малцагов, сондай-ақ Килиманджаро тобы бар.
-Концерт жоғары деңгейде өтуде. Мен әнімді бағдарламаның бастапқы кезеңінде орындадым. Халықтың көңіл-күні мен ықыласы ерекше.
Ембімұнайгаз ұжымының барлық қызметкерлерін мерекемен құттықтаймын, деді Б.Көшқалиев.
«Қазмұнайгаз» АҚ ұйымдастыруымен өткен концерт соңы мерекелік отшашумен аяқталды.
Айта кетейік, «Ембімұнайгаз» АҚ-ның 100 жылдығына орай бірнеше әлеуметтік жобалар қолға алынған болатын. Соның бірі – «Мектепке жол» акциясы.
Аталған акция аясында өңірде әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасында тәрбиеленіп жатқан 250-ге жуық бала оқу құралдарымен қамтамасыз етілді.
– «Мектепке жол» акциясы бұған дейін де өткен болатын.
Дәстүрлі шара биыл компанияның 100 жылдығына орайластырылды.
Оқу жылына дайындық мақсатында әлеуметтік көмекке мұқтаж балаларға арнайы оқу құралдарымен жабдықталған рюкзактар берілді. Құралдар Түркиядан алынды, -деді «Ембімұнайгаз» АҚ Әлеуметтік саясат және әкімшілік қамтамасыз ету департаментінің директоры Қуандық Қалидуллин.
Оның айтуынша, жоба аясында жергілікті үкіметтік емес ұйым өкілдерімен бірлесіп, алдын ала көмек көрсетілетін балалардың тізімі жасалған.
Тізімге сай Атырау қаласы бойынша 110, әр ауданнан 20 оқушыға көмек көрсетілді.